Жастардың рухани қауіпсіздігі: радикалды идеологиялардың алдын алу жолдары

2025 жылғы 29 қазан күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Менталды денсаулықты дамыту орталығы Филология институтының 1-курс студенттеріне арналған танымдық кездесу ұйымдастырды. 

Шараның негізгі мақсаты – жастардың рухани қауіпсіздігін нығайту және діни сауаттылығын арттыру болды.

Кездесу барысында Менталды денсаулықты дамыту орталығының теологы Исмаил Нурислам Оразалыұлы орталықтың негізгі қызмет бағыттарымен таныстырып, қазіргі діни ахуал және интернет кеңістігінде таралып жатқан радикалды идеологиялардың жастар санасына әсері туралы кеңінен әңгімеледі.

Сонымен қатар, кездесуге арнайы шақырылған Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, PhD докторант Қаражанов Нұрсұлтан Серікұлы дін мен дәстүрдің өзара байланысы, ұлттық құндылықтарды сақтау маңыздылығы және жалған діни ағымдардың қоғамға тигізетін кері әсері туралы нақты мысалдар келтіре отырып баяндама жасады.

Ол өз сөзінде діни сауаттылықтың жастар үшін маңызына ерекше тоқталып, студенттерді ақпаратты сын тұрғысынан қабылдауға және саналы көзқарас қалыптастыруға шақырды.

Кездесу соңында қатысушыларға «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 7-бабы түсіндірілді. Аталған бапқа сәйкес, білім беру ұйымдарының аумағында және ғимараттарында діни рәсімдер мен жиналыстар өткізуге, сондай-ақ миссионерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салынатыны атап өтілді.

Іс-шара студенттердің рухани мәдениетін арттырып, дін мен дәстүр сабақтастығын түсінуге бағытталған мазмұнымен ерекшеленді.