2025 жылғы 28 қазан күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде жастардың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған танымдық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараны Менталды денсаулықты дамыту орталығы Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының 1-курс студенттері үшін өткізді.
Кездесуде орталықтың теологы Исмаил Нурислам Оразалыұлы жастарға орталықтың негізгі қызмет бағыттары туралы кеңінен айтып, қазіргі діни ахуал мен интернет кеңістігінде таралып жатқан радикалды идеологиялардың қауіптілігіне тоқталды. Сонымен қатар ол жастарды діни мәселелерге сындарлы көзқараспен қарауға, ақпаратты талдап қабылдауға және діни сауаттылықты арттырудың маңызын түсінуге шақырды.
Шараға Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы Әліп Тұрсынғали Төреғалиұлы арнайы қатысып, дін мен дәстүрдің өзара сабақтастығы, ұлттық құндылықтарды сақтау қажеттілігі және жалған діни ағымдардың қоғамға тигізетін кері әсері туралы мазмұнды дәріс оқыды. Ол студенттерге нақты мысалдар келтіре отырып, радикалды ағымдардың идеологиялық тәсілдері мен олардың алдын алу жолдарын түсіндірді.
Кездесу соңында қатысушыларға «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 7-бабы түсіндірілді. Заңға сәйкес, білім беру ұйымдарының аумағында діни жиналыстар мен миссионерлік қызметке жол берілмейтіні атап өтілді.
Мұндай танымдық кездесулер жастардың рухани мәдениетін қалыптастыруға, діни сауаттылығын арттыруға және салауатты дүниетанымын нығайтуға ықпал етпек.





