«Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтті

2025 жылы 18 қараша күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын қолдау мақсатында сенбілік ұйымдастырылды. Іс-шараға университеттің белсенді студенттері, еріктілер тобы және оқытушылары қатысты.

Акцияның басты мақсаты – еліміздегі экологиялық саясатты қолдау, қоғамда табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру және жастардың туған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін арттыру. Сенбілік барысында қатысушылар университет аумағын, спорт және демалыс алаңдарын, сондай-ақ жақын орналасқан қоғамдық орындарды тазалап, жиналған қоқысты арнайы сұрыптау арқылы ретке келтірді.

Университет басшылығы алдағы уақытта да экологиялық мәдениетті нығайтуға бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп отырмақ. QyzPU экологияға қатысты игі бастамаларды қолдап, жастардың табиғатқа жанашыр көзқарасын дамытуға ерекше мән береді.