Студенттердің деструктивті мінез-құлқын алдын ала анықтау

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Менталды денсаулықты дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Студенттердің деструктивті мінез-құлқын алдын ала анықтау» тақырыбында эдвайзерлермен кездесу өтті. Іс-шараны орталықтың психотерапевті Каримова Раушан Бидалиевна жүргізді.

Кездесудің басты мақсаты – эдвайзерлердің студенттердің деструктивті мінез-құлқын ерте кезеңде анықтау және алдын алу дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ психологиялық қолдау көрсетудің тиімді тәсілдерін талқылау болды.

Шара барысында мамандар студенттердің мінез-құлық ерекшеліктерін бақылау, қауіпті белгілерді тану және эмоционалды күйзеліс жағдайында дұрыс әрекет ету жолдары жөнінде тәжірибе алмасты. Эдвайзерлер нақты өмірлік мысалдар мен интерактивті жаттығулар арқылы студенттермен тиімді жұмыс жүргізудің амалдарын меңгерді. Мұндай кездесулер эдвайзерлердің кәсіби құзыреттілігін нығайтып қана қоймай, оқу орнында қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар, психологтар қатысушыларға деструктивті мінез-құлықтың алдын алу, сенімді қарым-қатынас орнату және студенттердің психоэмоционалды тұрақтылығын сақтау бағытында пайдалы кеңестер берді.

Аталған іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының бірі – ТДМ 3 «Денсаулық және амандық» бағытын іске асыру шеңберінде өткізілді.