Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Студенттердің деструктивті мінез-құлқын алдын ала анықтау» тақырыбында эдвайзер-оқытушыларға арналған кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараны Менталды денсаулықты дамыту орталығының психотерапевті Раушан Бидалиевна Каримова және коуч-психолог Мусина Сара Смановна жүргізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – эдвайзер-оқытушылардың студенттердің мінез-құлқындағы өзгерістерді ерте кезеңде анықтау, алдын алу шараларын ұйымдастыру және психологиялық қолдау көрсету дағдыларын жетілдіру болды.
Шара барысында маман студенттердің деструктивті мінез-құлқының негізгі себептері мен белгілерін талқылап, алдын алу бағытындағы тиімді әдістемелер мен психологиялық тәсілдерді таныстырды. Сонымен қатар қатысушылар нақты мысалдар арқылы тәжірибелік жаттығулар орындап, студенттермен тиімді коммуникация орнату жолдарын талқылады.
Психотерапевт эдвайзерлерге студенттердің эмоционалды жағдайын бақылау, сенімге негізделген қарым-қатынас орнату және қиындықтарды дер кезінде анықтау бойынша пайдалы кеңестер берді.
Аталған кездесу Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарының бірі – ТДМ 3: «Денсаулық және амандық» бағыты аясында жүзеге асырылды.





