ШЕТ ТІЛІН ЭФФЕКТИВТІ ҮЙРЕНУ ЖОЛДАРЫ

Тұлға қалыптастыру департаменті, Қыздар көшбасшылығы және кәсіпкерлік орталығы студенттердің тіл үйренуге деген ынтасын арттыру мақсатында «Шет тілін эффективті үйрену жолдары» атты мотивациялық кездесу ұйымдастырды.

Кездесудің мақсаты – шет тілдерін меңгерудің тиімді әдістерін таныстыру, студенттердің танымдық белсенділігін арттырып, олардың академиялық және тұлғалық дамуына қолдау көрсету болды.

Іс-шараның құрметті қонағы – полиглот, кәсіпкер, Jetil.kz шет тілдер мектебінің негізін қалаушы, Жапонияның Цукуба университетінің түлегі, халықаралық JASSO стипендиясының иегері Мади Фазыл.

Кездесу барысында спикер шет тілдерін тез әрі нәтижелі меңгеруге мүмкіндік беретін әдіс-тәсілдермен бөлісті. Ол халықаралық білім алу тәжірибесі, шетелдік ортада дамудың ерекшеліктері және өз кәсіби жолындағы маңызды кезеңдер туралы әсерлі баяндады. Студенттер үшін бұл кездесудің мотивациялық маңызы ерекше болды: олар шет тілдерін меңгерудің заманауи тәсілдерімен танысып қана қоймай, маманнан тікелей кәсіби кеңес алды. Қатысушылар спикерге өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, шет тілін үйренуде кездесетін қиындықтарды қалай жеңуге болатыны туралы нақты ұсыныстар мен пайдалы ақпарат алды.

Іс-шара Тұрақты даму мақсаттарымен тікелей үндеседі: ТДМ 4 – Сапалы білім беру: шет тілдерін үйрену арқылы жаһандық білім ресурстарына қол жеткізу, ТДМ 5 – Гендерлік теңдік: қыздардың білім алу мүмкіндігін кеңейту және олардың көшбасшылық қабілетін дамыту, ТДМ 8 – Лайықты жұмыс және экономикалық өсу: еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға жол ашу.

Бұл мотивациялық кездесу студенттердің білімге деген қызығушылығын арттырып, олардың кәсіби дамуына, тұлғалық өсуіне және шет тілдерін тиімді меңгеруіне жаңа серпін берді.