Академиялық адалдық, әділдік пен жауапкершілік – саналы қоғамның берік іргетасы. Осы құндылықтарды дәріптеу және жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мақсатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Sanaly Urpaq ұйымы мен Тұрақты даму ұйымдарының ұйымдастыруымен «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» тақырыбында мазмұнды кездесу өтті.
Іс-шара «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету аясында ұйымдастырылып, студенттерге адалдық, парасат, шындық пен әділет ұғымдарының қоғам дамуындағы маңызын терең түсіндіруге бағытталды. Кездесу барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жолдары, академиялық ортадағы адалдық мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сана мен азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Спикерлер нақты мысалдар мен өмірлік тәжірибелер арқылы жемқорлықтың қоғамға тигізетін зиянын, оның жеке тұлға мен мемлекет болашағына әсерін жан-жақты түсіндірді.
Іс-шара спикерлері қатарында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілі Нұрмагамбетова Айдана Ақзатқызы және университеттің комплаенс-маманы Әнуар Әскербек Әбдірахманұлы болды. Олар өз салалары бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, арнайы дайындалған презентациялар мен бейнематериалдар ұсынды. Кездесу интерактивті форматта өтіп, студенттер тарапынан белсенді сұрақтар қойылып, ашық пікір алмасу алаңы қалыптасты. Шараның негізгі мақсаты – жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру, академиялық адалдық қағидаттарын нығайту және заңға құрметпен қарау дағдысын дамыту. Университет қабырғасында адалдық пен әділдік қағидаттарын берік ұстану – болашақ білікті мамандарды тәрбиелеудің маңызды шарты екені атап өтілді.Адалдық – саналы таңдау. Әділдік – берік ұстаным. Ал жемқорлықсыз қоғам – ортақ мақсат.





